Қазақ тілін ғылым мен білім тіліне айналдыру – ортақ міндет

Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, ғылым, технология және білім тілі ретінде дамыту – ортақ міндет. Осы мақсатта Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Шымкент қалалық филиалының кеңес мүшелері мен өңірдегі тіл жанашырлары бас қосты.
Жиында мемлекеттік тілдегі оқулықтар мен әдістемелік құралдардың сапасын арттыру, мамандықтарды қазақ тілінде оқыту және оның ғылым мен технология салаларындағы қолданысын кеңейту мәселелері талқыланды.
Мазмұнды кездесуде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы университет ректоры, профессор Мұхтар Төлегенді қоғамның Шымкент қалалық филиалының төрағасы етіп тағайындады. Сонымен қатар осы уақытқа дейін филиалды басқарған Ерсұлтан Әмірбекке атқарған жұмысы мен қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Рауан Кенжеханұлы тілдің болашағы білім беру жүйесімен тығыз байланысты екенін атап өтіп, мектеп пен жоғары оқу орындарында қазақ тілінде білім берудің сапасын арттыру, ғылыми және әдістемелік ресурстарды жетілдіру қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ өңірлік филиалдардың жұмысына университет басшылары мен ғалымдардың тартылуы маңызды екенін айтты.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Оңтүстік өңірінің кадрлық әлеуетін атап, университет пен тіл жанашырларының мемлекеттік тілдің дамуына елеулі үлес қоса алатынын жеткізді. Қала әкімдігі мен университет тарапынан бұл бағыттағы бірлескен жұмыстарға қолдау білдірілетінін айтты.
Филиалдың жаңа төрағасы Мұхтар Төлеген мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу әр азаматтың міндеті екенін атап, бұл бағыттағы жұмыстар нақты бастамалар мен нәтижелерге негізделуі керектігін жеткізді. Сондай-ақ тіл жанашырларының әлеуетін біріктіріп, қоғамның ортақ мақсаттарын жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
Кездесуге Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айжан Картаева да қатысып, бірлескен жобаларға дайын екенін білдірді. Ол Мұхтар Төлегеннің аталған университетті сегіз жыл басқарған тұста қазақ тілінің дамуына қосқан үлесін атап өтіп, жаңа тағайындауды лайықты шешім деп бағалады.
Жиынға қалалық білім басқармасы, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы, тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының өкілдері, БАҚ басшылары мен университет ұжымы қатысып, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту бағытындағы ортақ міндеттер мен ынтымақтастық мәселелерін сөз етті.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@auezov.edu.kz


Please publish modules in offcanvas position.