Достық көпірі: ұлттық дәстүр мен бірлік тоғысқан Team Building

Әуезов университетінде білім, ғылыммен қатар, ерекше естеліктерге толы сәттер де көп. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Қытай Халық Республикасының Синьцзян университеті мен Іле педагогикалық университетінен келген студенттер бір ай бойы білім ордамызда оқып, енді елдеріне ерекше естеліктермен аттанғалы отыр.
 
Олардың сапарын әдемі әсермен түйіндеу мақсатында университет Басқарма төрағасы – ректор Мұхтар Төлегеннің бастамасымен Төле би ауданының көркем табиғаты аясында «Достық көпірі: ұлттық дәстүр мен бірлік» атты мәдени-танымдық Team Building демалысы ұйымдастырылды.
 
Кездесу барысында ректор Мұхтар Төлеген екі университет арасындағы ынтымақтастықтың нығайып, білім, ғылым және инновация бағытындағы байланыстардың одан әрі кеңейе беретініне сенім білдірді.
 
Іле педагогикалық университетінің профессоры Chen Yu өз сөзінде Әуезов университетін «Ұлттық» мәртебе алуымен құттықтады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімі университеттің жетістіктері мен әлеуетіне берілген лайықты баға екенін атап өтті. Сондай-ақ бір ай бойы студенттерге сапалы білім алып, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін танып-білуіне мүмкіндік жасаған ректорға және университет ұжымына алғысын білдірді.
 
Демалыс барысында қонақтарға қазақтың салт-дәстүрлері таныстырылды. Беташар, тұсаукесер, бесікке салу рәсімдері көрсетіліп, олардың мәні мен тәрбиелік маңызы түсіндірілді. Қазақтың ұлттық биі «Қара жорғаның» қимылдарын үйренген студенттер ортаға шығып, көңілді сәттердің сәнін келтірді. Сонымен қатар демалыс аймағында ұлттық бұйымдар, қазақы нақыштағы көрпе-жастықтар мен қолөнер туындыларының көрмесі ұйымдастырылып, қонақтарға халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен эстетикалық талғамы таныстырылды.
 
Ұлттық ойындар да достық атмосфераны қыздыра түсті. Қатысушылар түрлі ойындар арқылы ептілік пен шапшаңдықтарын сынап, командалық рух пен өзара қолдаудың үлгісін көрсетті. Ойын қорытындысында жеңімпаз командалар марапатталды. Ал шетелдік студенттердің Абай өлеңдерін оқып, әннен шашу шашуы мәдениеттер арасындағы ортақ үндестікті сездірген әсерлі сәттердің бірі болды.
 
Қазақы дәстүрдің мәнін таныған қонақтар үшін бұл күн тек демалыс емес, жаңа мәдениетпен танысып, достықты тереңдете түскен ерекше тәжірибе болды. Бір айлық академиялық сапардың соңғы күнін осындай мазмұнды әрі жылы атмосферада өткізу студенттер үшін де, университет ұжымы үшін де естен кетпес сәтке айналды.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@auezov.edu.kz


Please publish modules in offcanvas position.