Әуезов университетінің қос спортшысы қысқы универсиадаға Финляндияда дайындалады

Бүгін Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген фристайл-акробатикадан ел намысын халықаралық аренада қорғап жүрген университет студенттері Ардана Маханова мен Дінмұхаммед Райымқұловты қабылдады.
 
Жүздесу барысында университет басшысы спортшылардың жетістіктеріне тоқталып, алдағы жауапты жарыстарда сәттілік тіледі. Сондай-ақ университет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізіп, халықаралық додада ел абыройын асқақтатуға тілектестігін білдірді.
 
Төртінші курс студенті Ардана Маханова (СТ233р2) – Қазақстан Республикасының спорт шебері. Ол 2025 жылы Қытайдың Харбин қаласында өткен қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері, 2024-2026 жылдардағы Қазақстан чемпионы, V Спартакиаданың күміс жүлдегері.
 
Ал оның командаласы Дінмұхаммед Райымқұлов (СТ233к5) – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол 2025 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарса, 2026 жылғы біріншілікте күміс медаль иеленген. Сонымен қатар 2025 жылғы Еуропа кубогының жеңімпазы атанған.
 
Қос спортшы Шымкент қаласының жаттықтырушысы Бағлан Инкарбектің жетекшілігімен жаттығады. Алда оларды үлкен сынақ күтіп тұр. Ардана мен Дінмұхаммед 2027 жылғы XXXIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға тыңғылықты дайындалу мақсатында Финляндияға жолға шыққалы отыр. Бұл – дүбірлі дода алдындағы дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі.
 
Айта кетейік, 2027 жылғы 15-25 қаңтар аралығында Қытайда өтетін қысқы Универсиадаға 63 ел мен аймақтан 3 716 қатысушы тіркелген. Қазақстан атынан фристайл-акробатикадан 8 спортшы бақ сынайды. Олардың қатарында Әуезов университетінің қос студенті де бар.
 
Ел намысын арқалаған жас спортшыларға сәттілік тілейміз! Финляндиядағы дайындық жемісті болып, Универсиадада көк Туымызды биіктен желбіретуге жазсын!

 


Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@auezov.edu.kz


Please publish modules in offcanvas position.